Оралда той кортежінің қатысушылары қауіпті жүргені үшін жауапкершілікке тартылып, көліктері айыппұл тұрағына қойылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталында мәлім болғандай, Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары Оралдағы Депо көпірінде жол жүру ережесінің бұзылғанын анықтады.
Той кортежінің құрамында болған екі Toyota Alphard көлігінің люкінен екі жас жігіт бастарын шығарып, артынан келе жатқан көліктерді фото мен бейнеге түсіргені анықталды. Кешкі қарбалас уақытта көпірде көлік қозғалысы қарқынды болғанына қарамастан, жігіттер люктен бастарын шығарып қана қоймай, әсерлі кадр түсіру үшін қатты еңкейіп, қолдарын созған. Мұндай әрекеттер өз өмірлері мен денсаулығына ғана емес, өзге де жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірді.
Полиция қызметкерлері аталған көліктерді дереу тоқтатып, тексеру жүргізді. Екі көлік те белгіленген тәртіппен тіркелмегені белгілі болды. Сонымен қатар жүргізушілердің бірі осыған ұқсас әкімшілік құқықбұзушылықты қайта жасаған.
Жүргізушілерге қатысты тіркелмеген көлік құралдарын басқарғаны және жолаушылардың көлік люкінен бастарын шығаруына жол бергені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Көліктер мамандандырылған тұраққа қойылды. Қауіпті әрекет жасаған мобилографтар да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұзушылардың жасы 24-25-те.


