Оралда көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері балаға ота жасады. Оның асқазанынан шаштың үлкен шоғыры табылды. Трихобезоар деп аталатын бөгде түзілімнің салмағы шамамен бір келіге жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Айтуларынша, шаш шоғырын дәрігерлер тексеру барысында анықтаған. Түзілімнің мөлшері мен тығыздығына байланысты мамандар толық хирургиялық араласуға мәжбүр болды — оны эндоскопиялық жолмен алу мүмкін болмады.

Трихобезоар — өзінің немесе бөтен адамның шашын үнемі жұту әдетінен (трихофагия) асқазанда пайда болатын тығыз шаш шоғыры. Бұл патология көбінесе балалар мен жасөспірімдерде кездеседі.

Ата-аналарға бірқатар алаңдатарлық белгілерге назар аударуға кеңес беріледі: іштің жоғарғы бөлігіндегі ауырсыну мен ауырлық, жүрек айну және құсу, тәбеттің төмендеуі, тамақ жегенде тез тою және салмақ жоғалту. Сондай-ақ ауыздан жағымсыз иістің шығуы және іш аймағында сипап сезілетін тығыздалу да алаңдатуы тиіс.

«Шаш шоғыры соншалықты өсіп, асқазаннан он екі елі ішекке және ащы ішекке өте бастағанда, бұл жағдайды "Рапунцель синдромы" деп атайды. Ол ішек тұйықталуы, ішкі қан кету, тіпті асқазан қабырғасының жарылуы сияқты асқынуларымен өлімге әкелуі мүмкін», — дейді дәрігерлер.

Патология фиброгастродуоденоскопия (ФГДС), сондай-ақ ультрадыбыстық зерттеу және компьютерлік томография арқылы анықталады. Шаштың шағын шоғырын кейде эндоскопиялық жолмен алуға болады, ал асқынған жағдайда тек хирургиялық ота көмектеседі.

Хирургиялық емнен кейін науқастарға міндетті түрде балалар психологының немесе психиатрдың көмегі қажет, өйткені шаш жеу әдеті эмоционалдық бұзылыстармен және мінез-құлық бұзылыстарымен байланысты.