Оралда Ұлы Отан соғысының ардагері, «Халық Қаһарманы» атағының иегері Иван Гапичпен қоштасу рәсімі өтті. Ол 103 жасында өмірден озды, деп хабарлайды infohub.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, ардагерді соңғы сапарға шығарып салуға Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, өңірлік прокуратуралардың басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ардагерлер, туыстары мен қала тұрғындары қатысты.

«Иван Степановичтің есімі отандық прокуратура тарихында ерліктің, мемлекетке адал қызмет етудің және өз ісіне берілгендіктің символы ретінде мәңгі сақталады», — деді Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, қадағалау органының басшысы Берік Асылов атынан көңіл айтты.

Иван Гапич Ұлы Отан соғысынан өтіп, Польшаны, Чехословакияны және Украинаны азат етуге қатысты. Ол 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысушылардың бірі болды, ал 65 жылдан кейін мерейтойлық салтанат кезінде ол алаңды тағы да басып өтті.

Соғыстан кейін Гапич 40 жылдан астам прокуратура органдарында қызмет етті. Осы уақыт ішінде ол бірнеше өңірдің прокуратурасын басқарды, ведомствоның орталық аппаратында басшылық қызметтер атқарды, ал қызметінің соңғы жиырма жылында Батыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары болды.

«Халық Қаһарманы» атағы Иван Гапичке елді қорғауға қосқан үлесі және көп жылғы мемлекеттік қызметі үшін берілді.