Қазақстанның бірнеше өңірінде орман өрттері тұтанып жатыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі (ТЖМ) әуеден түсірілген фото және видеоларды жариялап, апаттың ауқымын көрсетті, деп хабарлайды infohub.kz.
Экология министрлігінің мәліметінше, 16 шілдеде өртті сөндіруге 600-ге жуық адам, 148 бірлік жерүсті техникасы және 7 тікұшақ жұмылдырылды. Әуеден 123 рет су төгіліп, ошақтарға 157 тонна су жеткізілді. Оқиға орнына Экология министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов барып, күштер мен құралдардың іс-қимылын үйлестіруде.
Мемлекеттік орман қоры аумағында барлығы 10 орман өрті тіркелді: оның 4-і «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында, 6-ы «Ертіс орманы» резерватында. «Ертіс орманындағы» өрттердің көпшілігі найзағай разрядтарынан пайда болған. Қазір аумақтарды тексеру, өрттерді оқшаулау және толық жою жұмыстары жүргізілуде.
Экология министрлігінде аномальды ыстық және құрғақ ауа райына байланысты өрт қаупі деңгейі өте жоғары екенін, барлық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілгенін атап өтті. Жағдай тұрақты бақылауда.
ТЖМ өрттерді жерүсті күштері мен авиацияны тарта отырып жою жалғасып жатқанын, елді мекендерді қорғау үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады. Министр Шыңғыс Әрінов, министр Ерлан Нысанбаев және Абай облысының әкімі Берік Уәли «Семей орманындағы» ең күрделі өрт ошақтарын аралап шығып, жедел штаб құрылды. Өртті оқшаулау түнгі уақытта да жалғасуда.
Қараңғы түскен соң су құю құрылғыларымен авиациялық жұмыстар уақытша тоқтатылды. Өрт орнында жаңбыр жауып, түнгі жауын-шашын күтілуде.
Бұған дейін орман өрті салдарынан «DosbolLike» лагерінен 190 бала және 20 қызметкер эвакуацияланған еді. Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдай орнына министрлерді шұғыл жіберді.


