АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс Дубай билігін Ормуз бұғазын айналып өтетін балама жол іздеуге мәжбүр етті. Порт операторы DP World Біріккен Араб Әмірліктерінің шығыс жағалауында жаңа порт салуды жоспарлап отыр. Бұл кемелерге Оман шығанағынан тікелей елге кіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz.

Financial Times дерегінше, Дубайдың басты порты Жебель-Әлидің белсенділігі Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасындағы қиындықтар салдарынан 90–95% төмендеген. Енді DP World БАӘ-нің шығыс жағалауында, атап айтқанда Фуджейра әмірлігінде жаңа көпфункционалды порт пен контейнер терминалын салуды қарастыруда. Фуджейра Оман шығанағына шыға алады және Ормуз бұғазынан тыс орналасқан. Жаңа бағыт кемелерге қауіпті аймақты айналып, Әмірліктер порттарына жетуге мүмкіндік береді.

Жобаның маңызды бір ерекшелігі бар. Жаңа порт БАӘ-де орналасады, бірақ Дубай әмірлігінен тыс жерде. Financial Times атап өткендей, мұндай қадам уақыт өте Дубайдің аймақтағы басты логистикалық орталық ретіндегі рөлін өзгертуі мүмкін. Дағдарыс аясында өзге де аймақ елдері балама жолдар іздеуде. Сауд Арабиясы, Ирак және Кувейт проблемалы теңіз жолын айналып өтетін экспорт пен тасымалдау нұсқаларын пысықтауда.

АҚШ бұдан бұрын Иран порттарын қайта қоршауға алған және Иранға жаңа соққылар берген еді. Тегеран жауап ретінде аймақтағы американдық әскери нысандарға шабуыл жасады. Соғыс қимылдары салдарынан Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кемелердің жүруі азайып, бұл тасымалдауда үзілістерге және мұнай бағасының өсуіне әкелді. АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз арқылы жүк тасымалынан 20 пайыздық алым алу идеясынан бас тартып, оның орнына Парсы шығанағы елдерімен сауда-инвестициялық келісімдерге сүйенуді көздеп отыр.