Иранның Ислам революциясының сақшылар корпусы (ИРСК) Ормуз бұғазында контейнер тасымалдаушы кеменің суға батқанын хабарлады. Әскерилердің мәлімдеуінше, кеме Тегеран коммерциялық кеме қатынасы үшін жабық деп жариялаған аймақтан өтуге әрекеттенген кезде минаға соқтығысқан, деп жазады infohub.kz сайты.

«Мехр» агенттігінің ИРСК мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлауынша, жарылыстан кейін кеме бортында өрт шыққан. Әскерилер контейнер тасымалдаушы кеме контрабандалық жүк тасығанын және бұғаздың қауіпті аймағынан өтуге әрекеттенгенін алға тартты.

Қатты өрттің салдарынан кеме Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігінде суға батты. Оның бортында 2,5 мың контейнер болған. Олардың ішінде нақты не тасымалданғаны белгісіз.

ИРСК осы ауданнан өтудің қауіпті екенін ескертіп, сақ болуға шақырды. Иран тарапының деректеріне қарағанда, кеме суға батқаннан кейін контейнерлер су бетінде қалып, басқа кемелерге қауіп төндіруі мүмкін.

Иран әскерилері бұған дейін де Ормуз бұғазының Оман жағалауына жақын өтетін оңтүстік бағдарын пайдаланудың тәуекелдері туралы бірнеше рет ескерткен. ИРСК ахуалды бақылауды жалғастырып, бұғазды толық бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.