Иран әскерилері Ормуз бұғазында рұқсат етілмеген бағытпен өтуге тырысқан супертанкер минаға соғылып, өртенгенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Басылым Tasnim-ге сілтеме жасап, минаға соғылған супертанкер туралы Иран Ислам революциясы сақшылары корпусының (КСИР) өкілдері айтқанын жеткізді.
"Бірнеше сағат бұрын ережелерді бұзған және Ормуз бұғазының оңтүстік бөлігінде заңсыз жолмен өтуге тырысқан супертанкер екі теңіз минасына соғылып, өртеніп, толығымен тоқтатылды", — делінген әскерилердің мәлімдемесінде.
КСИР теңіз күштері белгілеген өту және жүру ережелерін сақтау міндетті екенін еске салды.
"Кеме қатынасымен айналысатын компаниялар американ әскерінің арандатуына берілмеуі керек (...) және өз мүлкі мен экипаждарының өмірін негізсіз тәуекелге ұшыратпауы тиіс", — деп ескертті әскерилер.
Еске салайық, бірнеше күн бұрын АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) басшысы Брэд Купер Иран тарапы орнатқан миналардан Ормуз бұғазын тазарту туралы мәлімдеген еді.
Ал бүгін АҚШ теңіз миналарын орнатудың алдын алу үшін Ормуз бұғазындағы Иран нысандарына соққы жасады. Иран Иорданиядағы АҚШ әскери базаларына жауап соққы жасағанын мәлімдеді.


