Бүгін, 18 шілдеде, Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында үш жаңа өрт ошағы тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Экология министрлігінің Telegram-арнада жарияланған мәліметінше, орман өрттерінің бірі Ақмола облысында, екіншісі Шығыс Қазақстан облысында, үшіншісі Павлодар облысындағы «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болған.

«Өрт ошақтарын жедел анықтау және жою үшін мемлекеттік орман күзеті қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМК күштері мен құралдары, сондай-ақ қажет болған жағдайда Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері жұмылдырылды. Орман өрттерін оқшаулау және толық жою жұмыстары жалғасуда. Ахуал тұрақты бақылауда», – деп сендірді Экология министрлігі.

Елдің бірқатар өңірінде өрт қауіпі жоғары болып қалып отырғандықтан, қазақстандықтар орманда және табиғат аясында болған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, тыйым салынған жерлерде от жағуға жол бермеуге және барынша сақ болуға шақырылды.