Әлеуметтік желілерде іскерлік костюм киген ер адамның онлайн-жиналыс кезінде жұмыс орнында электрондық темекі шегіп отырған видеосы тарады. Жазбадағы адам Қарағанды облысының депутаты болуы мүмкін екені айтылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қарағанды облысы Осакаров аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Саққұлақовқа өте ұқсайтын адам жиналыс кезінде жұмыс орнында темекі шегіп отыр, ал қарапайым азаматтар қоғамдық орындарда темекі шеккені үшін бірден жауапкершілікке тартылады», — делінген Egov.press Telegram-арнасында.
Қарағанды облысы Полиция департаменті NUR.KZ тілшісіне видеода шынымен аудандық мәслихат төрағасы бейнеленгенін растады.
«Әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында полиция қызметкерлері Zoom платформасы арқылы өткен онлайн-жиналыс кезінде қызметтік кабинетте ер адамның электрондық темекі шегіп отырғанын көрсететін бейнежазбаны анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша азаматтың жеке басы анықталды. Ол Қарағанды облысы Осакаров ауданының мәслихат төрағасы болып шықты», — деді ведомствоның баспасөз қызметі.
Осы факті бойынша ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынды.
Қарағанды облысы Полиция департаменті лауазым, мәртебе немесе қоғамдық жағдай заң талаптарын сақтау міндетінен босатпайтынын атап өтті.
«Заң мен тәртіп барлығына бірдей, ешкімге де ерекшелік жоқ», — деп қосты ведомство.
Осакаров аудандық мәслихаты аппаратының ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, оның төрағасы — Қанат Саққұлақов.


