Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімін 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттары сайлауына тіркеді. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
Партия тізімді ұсыну құжаттарын 9 шілдеде ОСК-ға тапсырды. Кандидаттардың Конституция және Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін комиссия тіркеу туралы шешім қабылдады.
ОСК мүшесі Әсел Жаңабилованың айтуынша, партиялық тізімге 72 кандидат енген, оның ішінде 30-ы – әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар. Олардың үлесі 41,7% құрайды, бұл заңнамада белгіленген квотаға сәйкес келеді.
«Орталық сайлау комиссиясы уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберген сұрауларға сәйкес, партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция және Сайлау туралы конституциялық заң талаптарына сәйкестігі тексерілді. Партиялық тізімге енгізілген барлық адам қойылатын талаптарға жауап береді», — деп атап өтті Әсел Жаңабилова.
Сондай-ақ ол 2023 жылғы мәжіліс депутаттары сайлауының қорытындысы бойынша Қазақстан Халық партиясы 5%-дан астам дауыс жинағанын, сондықтан заңға сәйкес сайлау жарнасын төлеуден босатылғанын еске салды.
Қажетті құжаттарға қол қойылғаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімді тіркеу туралы қаулы қабылдады. Тіркелген кандидаттарға тиісті куәліктер табысталды.


