Өскемендегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында 5518 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі сарбаздары құрамы белгісіз ұнтақ тәрізді зат салынған 60-қа жуық түйіншекті тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
NUR.KZ-тің Ұлттық ұланға сілтеме жасап хабарлауынша, күдікті затты ұландықтар қала көшелеріндегі патрульдеу кезінде байқаған. Содан кейін тағы да ондаған осындай түйіншек табылған.
«Патрульдеу кезінде біз аумақты, соның ішінде қараңғы және жасырын жерлерді мұқият тексереміз. Қалың ағаштардың қасынан өтіп бара жатып, күдікті затты байқадым. Сыртқы түріне қарап, ішінде есірткіге ұқсас зат болуы мүмкін деп ойладым. Дереу әскери наряд бастығына баяндадым, содан кейін оқиға орнына тергеу-жедел тобы шақырылды», — деді қатардағы Д. Хасенов.
Айта кетейік, ұландықтар барлығы 60-қа жуық түйіншек тапқан. Олар қызыл, көк және қара түсті изолентамен оралған.
«Табылған түйіншектер алынып, сараптамаға жіберілді. Мамандар олардың нақты құрамын анықтап, заттың түрін айқындауы керек», — делінген Ұлттық ұлан хабарламасында.


