Астанада міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің бюджет қаражатын жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеуді Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті жүргізген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Анықталғандай, «Forte Clinic (Tumar)» жеке клиникасының басшысы медициналық мекемеге тіркелген азаматтар санын жасанды көбейту арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржыландыру алу схемасын ұйымдастырған. Ол схеманы іске асыруға «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК қызметкерін тартқан. Қызметкер қызметтік кіру мүмкіндігін пайдаланып, пациенттерді тіркеуге арналған жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдаған.
Осылайша, клиникаға 15 мыңнан астам азамат жазбаша өтініш бойынша тіркелген, алайда қолданыстағы ережелер мұндай нысанды тек шектеулі адамдар тобына ғана рұқсат етеді. Сондай-ақ басқа өңірлердің тұрғындарын, заңды өкілдерінің құжаты жоқ кәмелетке толмағандарды және Қазақстаннан тыс жерде жүрген азаматтарды тіркеу фактілері анықталған.
Бұдан бөлек, клиника басшысы Damu Med ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің есептік жазбаларын бақылауға алып, оларды мекеме әкімшілігінің телефон нөмірлеріне байлаған. Ол осы кіру мүмкіндігін пайдаланып, заңсыз тіркелген азаматтарға көрсетілген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізген, бұл қордан қаржыландыру алуға негіз болған.
Мемлекетке келтірілген залал 79 миллион теңгеден асқан. Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, клиника басшысын бес жылға, ал Ұлттық ғылыми орталық қызметкерін үш жылға бас бостандығынан айырды. Қаржылық мониторинг агенттігінде залал толық көлемде өтелгенін хабарлады. Үкім заңды күшіне енген.


