Қазақстандық отбасының әл-ауқат деңгейін бағалау бір көрсеткішке емес, 59 өлшемге негізделеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның түсіндіруінше, отбасының цифрлық картасы оның әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл мәліметтер мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну үшін қажет.

Қазақстанда отбасылар әлеуметтік әл-ауқаттың бес санатының біріне жата алады:

A — әл-ауқаттың жоғары деңгейі;
B — әл-ауқаттың орташа деңгейі;
C — әл-ауқаттың қанағаттанарлық деңгейі;
D — экономикалық тұрғыдан осал әл-ауқат деңгейі;
E — экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал әл-ауқат деңгейі.

Атап өтілгендей, санат бір көрсеткіш бойынша анықталмайды. Отбасын бағалау 59 көрсеткіш және 8 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Олардың қатарына: қаржылық жағдай, активтер, тұрғын үй жағдайлары, автокөліктің болуы (оның ішінде коммерциялық көлік), жер учаскесінің, жеке қосалқы шаруашылықтың болуы, жұмыспен қамтылу, кредиттердің болуы (оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы), бизнестің болуы және басқалар кіреді.

«Осылайша, отбасы санатын анықтаудың қорытынды бағасына тек табыс мөлшері, тұрғын үйдің, автокөліктің немесе басқа да жеке мүліктің болуы әсер етпейді. Отбасының әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын барлық мәліметтердің жиынтығы ескеріледі», — деп нақтылады ведомство.

Еңбек министрлігі «А» санатына жататын, яғни табысы жоғары деңгейдегі отбасының мысалын келтірді:

отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс 7 ең төменгі күнкөріс деңгейінен және 350 мың теңгеден жоғары;
отбасындағы бір адамға шаққанда 120 шартты шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үй нысанының болуы;
коммерциялық жылжымайтын мүлік, жеке бизнес (ірі, орта, шағын бизнес);
«люкс» немесе «премиум» класындағы қымбат автокөліктер.

Отбасының құрамы мен оның әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептелетіні нақтыланды, бұл оның әлеуметтік әл-ауқатын бағалауды өзекті күйде ұстауға мүмкіндік береді.

«Отбасының цифрлық картасы ұзақ мерзімге арналған біржолғы баға емес. Мемлекеттік ақпараттық жүйелерден мәліметтер өзгерген сайын автоматтандырылған режимде келіп отырады. Табыс төмендеген, мүлік сатылған, отбасы құрамы ұлғайған немесе ескерілетін басқа да жағдайлар өзгерген кезде оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады», — деп қосты ведомство.

Егер азамат өзінің отбасы құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, ол Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе тұрғылықты жері бойынша әкімдіктердің жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.

Бұған дейін Қазақстанда кейбір жәрдемақы түрлері, сондай-ақ жерлеуге арналған біржолғы төлем отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау негізінде мұқтаждық принципі бойынша берілетіні хабарланған.