2025 жылы «Отбасы банкінде» қызметкерлер тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністері анықталды. Олар клиенттердің, риелторлардың, жеке сот орындаушылары мен нотариустардың мүддесін лоббилегені, сондай-ақ тұрғын үй кезегін жылжытқаны үшін заңсыз сыйақы алған. Бұдан бөлек, бір филиал қызметкері клиенттердің несие қабілеттілігін растайтын жалған кіріс құжаттарын жасап, оларды несие өтінімдеріне тіркеген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

KASE-де жарияланған банктің 2025 жылғы есебіне сәйкес, анықталған фактілер бойынша аталған қызметкерлермен еңбек шарттары жұмыс берушінің бастамасымен сенім жоғалтуына байланысты тоқтатылған. Банкте бұл қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өтініштер жіберілгені, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бірқатар қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқаны атап өтілді.