«Отбасы банк» Азия даму банкіне «Ұмай» жеңілдетілген ипотекасы бойынша екінші траншты мерзімінен бұрын беруді сұрап хат жолдады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте банк басқармасы төрағасының орынбасары Жансұлтан Матай айтты, деп хабарлайды infohub.kz.

Екінші траншты мерзімінен бұрын бөлу қажеттілігі қазақстандық әйелдер арасындағы сұраныстың жоғарылығына байланысты туындады. Матайдың айтуынша, бағдарлама басталған күні 855 өтініш қабылданған. Барлық қатысушы әйелдер алдын ала мақұлдау алып, енді несие рәсімдеу үшін тұрғын үй іздеумен айналысуда.

Сонымен қатар Жансұлтан Матай әйелдер ипотекасына деген жоғары сұраныс қатысушыларды іріктеу критерийлеріне әсер етпейтінін қосты.

«Бағдарламаға қатысушылар арасында сұралған несиенің орташа сомасы 23,4 млн теңгені құрады. Ең жас қатысушы — 18 жаста, ең үлкені — 63 жаста. Қатысушылардың орташа жасы 39-да», — деп нақтылады ол.

Басқарма төрағасының орынбасары бағдарламаны Азия даму банкі қаржыландыратынын еске салды. Бірінші транш аясында ол 9 млрд теңге бөлген, алайда «Отбасы банк» қалған бөлігін мерзімінен бұрын алуға үміттеніп отыр.

«Өтініштерді қабылдаудың келесі күні туралы қосымша хабарлаймыз. Жалпы, қаржыландырылатын бағдарламаға 90 млрд теңге қарастырылған», — деп қорытындылады спикер.

Бұған дейін «Курсив» бағдарламаға ресми табысы және соңғы алты айда кемінде зейнетақы аударымдары бар жұмыс істейтін әйелдер қатыса алатынын жазған. Несиенің ең жоғары сомасы 50 млн теңгеге дейін, ал ипотеканы алты айдан 25 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады.