Өзбекстанда он төрт жасқа толмаған балаларды зорлағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын енгізу ұсынылды. Тиісті заңнамалық түзетулерді Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заңнама палатасы бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

NUR.KZ-тің Өзбекстан Олий Мәжілісінің Заңнама палатасына сілтеме жасап хабарлауынша, заң жобасы балаларға қарсы жасалған жекелеген аса ауыр жыныстық қылмыстар үшін өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздейді.

«Сондай-ақ заң жобасында балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық пен қол сұғушылық үшін жаза шараларын қатаңдатуға, зорлық-зомбылық құрбандары болған кәмелетке толмағандардың құқықтық қорғалуын күшейтуге, осындай жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ тиісті ұйымдар мен лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған нормалар көрініс тапқан», — делінген Заңнама палатасының хабарламасында.

Құжаттың жекелеген ережелері аса ауыр жыныстық қылмыстарға қатысты. Олар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру белгілеу ұсынылып отыр.

«Ең алдымен балаларға қатысты жасалған аса ауыр жыныстық қылмыстар үшін жазаны түбегейлі қатаңдату ұсынылады. Атап айтқанда, он төрт жасқа толмаған адамды зорлағаны немесе жыныстық қажеттілікті табиғатқа жатпайтын нысанда күштеп қанағаттандырғаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру белгілеу көзделіп отыр», — делінген жарияланымда.