25 қыркүйекке қараған таңда Өзбекстанда генерация ажыратылуынан Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінде іркіліс болды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Жүйелік оператор KEGOC дерегінше, таңғы 05.02-де Өзбекстанның энергожүйесінде қуаты 1 516 мегаватт генерация жоғалды. Осы іркіліс Орталық Азияның Біріккен энергожүйесі тарапынан қуаттың күрт артуына әкеп соқты. Салдарынан «Солтүстік — Оңтүстік» транзиті кенеттен бөлініп кетті.
Іркіліс салдарынан қазақстандық тұтынушыларға уақытша шектеу қойылды. Республика энергожүйесіндегі ажыратылған жүктеменің жалпы көлемі 962 мегаватт болды. Компанияда апатқа қарсы автоматиканың қалыпты режимде істегенін атап өтті.
Мамандар жағдайды жедел тұрақтандырды. 05.43-те Қазақстан энергожүйесінің оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның Біріккен энергожүйесінің параллель жұмысы толық қалпына келтірілді. Оператор тұтынушылар үшін барлық шектеуді алуға команда берді.
KEGOC ұлттық компаниясы елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы саналады. Кәсіпорын 1996 жылы құрылған және Ұлттық электр желісін басқарады. Негізгі акционері — 85% үлесімен «Самұрық-Қазына» қоры, қалған 15% акциясы KASE және AIX биржаларында айналымда жүр.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша компанияның түсімі 240,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 31,1 пайызға өсті. Оператордың таза пайдасы 59,4 пайызға артып, 54,6 млрд теңге болды. Кәсіпорынның активтері маусым айының соңында 1,22 трлн теңгеге жетті.
Соңғы айларда қазақстандық энергожүйе бірнеше оқиғаға тап болды. Ағымдағы жылдың тамыз айының ортасында Алматыда блэкаут болды. Кейін 25 тамызда KEGOC желілеріндегі кезекті іркіліс Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жабдықтың апаттық тоқтауына себеп болды.


