Қазақстандық жалданып жұмыс істейтін азаматтар тұрғын үйді ресми түрде жалға беріп, жеке табыс салығын төлемеу мүмкіндігіне ие болады. Мұндай нұсқа өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимінде қарастырылған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті еске салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

2026 жылдан бастап қазақстандықтар өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін (АСР) таңдай алады. Ол жеке табыс салығын (ЖТС) төлемей-ақ кәсіпкерлік қызметті ресми жүргізуге мүмкіндік береді, бірақ міндетті әлеуметтік төлемдерді көздейді: әлеуметтік аударымдар — 1%; міндетті зейнетақы жарналары — 1%; жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары — 1%; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары (МӘМСЖ) — 1%.

Айта кету керек, режим қызметтің барлық түріне жарамайды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға рұқсат етілген салалар тізімі шектелген: оған таксиде жұмыс істеу, тұрғын үйді жалға беру, жөндеу жұмыстары, сондай-ақ мәдениет және білім саласындағы қызмет кіреді.

Мемлекеттік кірістер комитеті еске салғандай, тұрғын үйді жалға беруге жалданып жұмыс істейтін азаматтар да құқылы. Бұл жағдайда жеке кәсіпкерлікті (ЖК) рәсімдеу, құжат пен есептілік тапсыру, сондай-ақ салық төлеу қажет емес — бәрі автоматты режимде жұмыс істейді.

Азаматтарға арнайы қосымшада чектерді жазып отыру және табыс мөлшері бойынша «шекті» аспау ғана қажет — айына 300 айлық есептік көрсеткіштен аспай (2026 жылы 1 297 500 теңге).

Осылайша, қазақстандықтар негізгі жұмысын қоса жүргізіп, салық төлемейтін ресми қосымша табыс көздеріне ие бола алады.

Сондай-ақ тұрғын үйді жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР арқылы жалға беруге болатынын еске саламыз. Бұл бірнеше пәтерді жалға беретіндерге немесе жалдамалы қызметкерлері барларға қолайлы.