Америкалық рэпер Шон Комбстың (P. Diddy) мүддесін қорғаған Sher Tremonte заң фирмасы төленбеген шоттар мен клиентпен байланыстың толық үзілуін сылтауратып, одан әрі қорғаудан бас тартты. Заңгерлер тиісті өтінішті сотқа жолдады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Фирма Комбсты сомасы 100 миллион доллардан асатын жала жабу туралышулы істе қорғаған. Адвокаттардың мәлімдеуінше, рэпер жарты жылдан астам уақыт бойы қаламақы төлемеген, сот шығындары мен өзге де шығыстарды өтемеген.

«Комбс қаламақының, шығындар мен өтемақылардың едәуір қалдығын төлемеді», — деп келтіреді фирма серіктесі Майкл Тремонтенің сөзін The Guardian.

Сонымен қатар заңгерлер соңғы төрт ай ішінде P. Diddy уақтылы әрі мазмұнды келіссөздерден жалтарғанын айтады. Нәтижесінде ынтымақтастық іс жүзінде тоқтап, адвокаттар оның мүддесін бұдан былай тиімді қорғай алмайтын жағдайға жетті.

Комбстың өзі заңгерлер тобын ауыстыруды бірінші болып өзі шешкенін мәлімдейді. Рэпер фирманы қызмет құнын асыра көрсетіп, өзімен келісілмеген шоттарды ұсынды деп айыптады. Sher Tremonte бұл талаптарды жоққа шығарды.

Комбстың талап-арызы музыкалық менеджер Кортни Берджеске, адвокат Ариэль Митчеллге және NewsNation телеарнасына иелік ететін Nexstar медиакомпаниясына қарсы қойылған. Рэпер оларды атақты адамдар мен кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық зорлық-зомбылық туралы бейнежазбалар бар деген жалған мәлімдемелер таратты деп айыптайды.

Қазіргі таңда P. Diddy 50 айлық жазасын өтеп жатыр. Алқабилер оны қорқытып алу және секс-сауда жасау айыптары бойынша ақтады, алайда жезөкшелікпен айналысу үшін адам тасымалдаудың екі эпизоды бойынша кінәлі деп таныды.