Пәкістанда алапат оқиға болды: Сват округіндегі полиция бөлімшесінің жанында болған қатты жарылыстан кемінде 14 адам, оның ішінде тәртіп сақшылары қаза тапты, тағы 18 адам жараланды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Сват округіндегі Кабал полиция бөлімшесінің қақпасында болды. Полиция мәліметінше, жарылысты жанкешті террорист жасаған. Шабуыл кезінде жақын маңдағы Кабал-Чоук алаңында бейбіт митинг өтіп жатқан: жүздеген жергілікті тұрғын Сват аңғарындағы терроризмнің соңғы ушығуына наразылық білдіру үшін жиналған еді.
Dawn басылымы полицияның мәлімдемесіне сілтеме жасап, қаза тапқандар арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар екенін хабарлайды. Жараланғандардың кейбірі ауыр жағдайда болғандықтан, құрбандар саны артуы мүмкін.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген кадрлар таралуда, онда қираған жерлер мен құтқарушылардың келгені көрінеді. Терактінің жауапкершілігін әзірге ешкім өз мойнына алған жоқ.


