Пәкістанның Дера-Исмаил-Хан ауданында жарылғыш зат тиелген көлік жол бойындағы полиция бекетіне соғылды. Al Jazeera телеарнасының дерегінше, кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 30 адам жарақат алды. Теракт 26 қыркүйекте Хайбер-Пахтунхва провинциясында болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жергілікті полиция бастығы Сафдар Балочтың мәлімдеуінше, қаза тапқандардың арасында полицейлер, кеден және орман ведомствосының қызметкерлері бар. Зардап шеккендерді құтқарушылар ауруханаға жеткізді. Бекет Аман-Мела елді мекенінің маңында, Даразинда ауданында орналасқан.

Жарылыстан кейін куәгерлер атыс дыбысын естіген. Кейінірек Associated Press агенттігі қарулы адамдар зардап шеккендерді тасымалдаған жедел жәрдем көлігін атып тастағанын хабарлады. Бір құтқарушы қаза тауып, тағы екеуі жарақат алды. БАҚ дерегінше, шабуылға «Техрик-и-Талибан Пәкістан» (ТТП) қозғалысы жауапкершілікті өз мойнына алды.

Бұл бекетте полицейлермен бірге кеден қызметкерлері де күзетте тұрған: аудан арқылы Пәкістанның бірнеше провинциясы арасында үлкен жүк ағыны өтеді. Дера-Исмаил-Хан Оңтүстік Вазиристанға да жақын орналасқан, онда қарулы топтар көп жылдар бойы шабуыл жасап келеді.

Бұған дейін «Курсив» Пәкістанда террористер жолаушылар пойызын жарып, 16 адам қаза тапқаны туралы жазған болатын.