Итальяндық зергер және кәсіпкер Паоло Булгари 89 жасында Римде дүниеден өтті. Ол отбасылық кәсіпті әлемге танымал люкс брендке айналдыруға атсалысқан тұлға ретінде тарихта қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қайғылы хабарды марқұмның отбасы жариялады. Италиялық бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, туыстары оны «біздің заманымыздың ең ұлы зергері» деп еске алды.

Паоло Булгари 1984 жылдан бері Bvlgari тобының төрағасы қызметін атқарды. Компания жасаған зергерлік бұйымдарды Голливуд жұлдыздары мен Уэльс ханшайымы Диана секілді патша әулеті өкілдері де таққан.

Bvlgari компаниясы «нағыз шығармашылық жан» деп атаған марқұмға арнап желіде құрмет сөзін жариялады. Онда оның еңбегі «келер ұрпақты шабыттандыра беретіні» атап өтілді.

Bvlgari фирмасын Паоло Булгаридің атасы — грек күміс ұстасы Сотириос Вулгарис XIX ғасырдың соңында Римде құрған. Кейін ол өз есімін итальянша Булгари деп өзгерткен.

Вулгарис Солтүстік-батыс Грекиядағы Эпир өңірінің күміс зергерлік бұйымдарымен аты шыққан Парамития таулы ауылынан шыққан. Ол Осман билігінен қашып, Неапольге қоныстанып, кейін Римде дүкен ашқан.

Паоло Булгари мектепті бітірген соң көп ұзамай компанияға қосылып, асыл тастар бойынша маман атанды. Уақыт өте келе ол кәсіпті басқарып, оның халықаралық деңгейде өркендеуіне жетекшілік етті.