Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан жазғы Азия Пара ойындарының кезекті жарыс күнінде Қазақстанның паравелоспорт құрамасы қоржынын төрт медальмен толықтырды — екі алтын және екі күміс, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

23 қазанда тас жол жарысы өтті. Ерлер арасында В класында 65 шақырым қашықтықта Наиль Ермуханбет пен Руслан Алиев 2 сағат 1 минут 21 секунд уақыт көрсетті. Бұл нәтиже оларға пьедесталдың бірінші сатысына көтерілуге мүмкіндік берді.

Күміс жүлдегерлер қатарында тағы екі қазақстандық — Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Бруссенский 2 сағат 11 минут 42 секунд нәтижемен тіркелді.

Әйелдер арасында да бірден екі отандық дуэт пьедесталдан орын алды. 55 шақырымдық жарыста Анастасия Калаус пен оның пилоты Полина Братчикова 2 сағат 5 минут 47 секунд нәтижемен алтын медаль жеңіп алды.

Күміс жүлдені Жұлдыз Қайнарова мен оның пилоты Анжелла Соловьева 2 сағат 9 минут 43 секунд уақыт көрсетіп иеленді.

Осылайша, ұлттық құраманың қоржынында қазіргі таңда 12 алтын, 15 күміс және 20 қола медаль бар.