Франция астанасында оқушылардың жоспарланған ірі шеруі қарсаңында өздігінен басталған наразылық акциялары өтті. Солардың бірі полициямен қақтығысқа ұласып, көзден жас ағызатын газ қолданылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Айта кетейік, жоғары сынып оқушылары мен студенттердің ауқымды шеруі сенбі күні Парижде өтеді деп жоспарланған. Оған тек оқушылар ғана емес, ультрасолшыл белсенділер, «сары жилет» қозғалысының жақтастары, такси жүргізушілері, медбикелер, құрылысшылар және кәсіподақ өкілдері қатысады деп күтілуде. Шеруге қатысушылар Республика алаңынан Клиши алаңына дейін жүріп өтеді. Бастилия алаңы маңында жоспарланған тағы бір акцияны қалалық полиция префектурасы тоқтатты.
Негізгі шеру басталғанға дейін-ақ астанада билікпен келісілмеген бірнеше өздігінен басталған наразылық акциясы байқалды. Солардың бірі Гран Бульвар маңында болды. Бір топ наразылық білдірушілер «Францияға бостандық!» және «Макрон отставкаға кетсін!» деп ұрандатты. Агрессивті көңіл-күйдегі жастар полицейлерді арандата бастады, соңынан қақтығыс туды. Наразылық білдірушілер құқық қорғаушылардың жолын бөгеу үшін бульварда орнатылған темір қоршауларды және қоқыс жәшіктерін аудара бастады.
ТАСС дерегінше, Парижде екі негізгі наразылық маршы басталғанға дейін полиция 40 адамды ұстады. Олардың көбісі қару және тыйым салынған қорғаныс құралдарын алып жүрген деп күдікке ілінген. Сонымен қатар таңертең ерте тағы бір топ агрессивті азаматтар CNEWS телеарнасы мен Europe 1 радиосының редакциялары орналасқан ғимараттың кіреберісін бөгеп, бірнеше терезені таспен сындырды. Полиция араласқаннан кейін тәртіпсіздікке қатысқан тағы 21 адам ұсталды.
Еске салайық, қыркүйек айының соңында Францияны жоғары сынып оқушыларының наразылықтары қамтыған еді — бір аптадан бері оқушылар оқу орындарын бөгеп жатыр. 600-ден астам адамның ұсталғаны хабарланған. Би-би-сидің орыс қызметі тәртіпсіздік кезінде 65 мектеп қызметкері, оның ішінде 40 мектеп директоры жарақат алғанын жазды. Сонымен қатар жаппай наразылықтар Бельгияға да тарады — акциялар елдің екі қаласында өтті.


