Паркинсон ауруы көп адамға қолдың дірілдеуімен байланысты көрінеді. Алайда бұл аурудың белгілері тек тремормен шектелмейді. Кейбір өзгерістерді адам дәрігерге бармай тұрып-ақ байқауы мүмкін. Владивостоктық невролог Артем Резниченко әлеуметтік желілерінде үй жағдайында өзі тексеруге болатын үш белгіні айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бірінші белгі — қозғалыстың баяулауы. Адамның екі қолымен қимылды қаншалықты жылдам және бірдей жасайтынын тексеру керек. Одан саусақтарын жылдам бүгіп-жазуды немесе қайталанатын қимылдар жасауды сұрауға болады. Егер бір қол екіншісінен айтарлықтай қалып қойса, бұл брадикинезияның — қозғалыстың баяулауының белгісі болуы мүмкін.

Екінші симптом — бұлшықет тонусының жоғарылауы, яғни ригидтілік, бұлшықеттің қатайып, еріксіз қозғалысқа қарсылық көрсетуі. «Науқаста байқалатын алғашқы симптомдар — тонустың жоғарылауы және қозғалыстың баяулауы», — дейді дәрігер. Ол адам өзі аяқ-қолын кермей тұрғанда, оның қолын шынтақ буынынан абайлап бүгіп-жазуды ұсынады. Егер қозғалыс әдеттен тыс қатты сезіліп, қол оған қарсыласқандай болса, бұл ригидтілікті көрсетуі мүмкін. Паркинсон ауруында мұндай қатайып қалу қолды, аяқты немесе тұлғаны қамтуы мүмкін. Ұқсас белгілер тек Паркинсонда емес, басқа да жағдайларда кездеседі.

Үшінші белгі — тыныштық күйіндегі тремор, яғни аяқ-қол босаңсып, ешқандай қимыл жасамай тұрғанда еріксіз дірілдеуі. Адамнан қолдарын тізесіне немесе басқа бетке қойып, жай ғана босаңсуды сұрауға болады. Паркинсон ауруында тремор көбінесе дәл тыныштық күйінде пайда болады және ерте кезеңдерде жиі денесінің бір жағынан басталады.

Алайда мұндай тест маманның тексеруін алмастыра алмайды: түпкілікті диагноз симптомдардың жиынтығы мен тексеру нәтижелері бойынша қойылады. Сондықтан адам осы белгілердің қайсысын байқаса да, бұл неврологқа қаралуға себеп.

Бұған дейін невролог Евгения Бахтыбаева Kursiv Health-ке дәріханадағы тыныштандырғыш дәрілердің неге мазасыздықты емдемейтінін айтқан болатын.