Солтүстік Кипрдің түрік бақылауындағы жағалауында 270-ке жуық жолаушысы мен экипажы бар паром аударылып, кем дегенде алты адам қаза тапты. Аймақ премьер-министрі Юнал Юстелдің мемлекеттік TRT телеарнасына сенбі күні мәлімдеуінше, 237 адам құтқарылып, 24 адам іздестірілуде.

Катамаран типтес паром Кипрдің бөлінген солтүстігіндегі Кирения (Гирне) портынан Түркияның Мерсин провинциясындағы Ташуджу портына бет алған. Кирения әкімі Мурат Шенкул паромның Filo Denizcilik компаниясына тиесілі екенін және Диана жағажайы маңында суға батқанын айтты. TRT мәліметінше, паром жағалаудан шамамен 7,5 шақырым (4 теңіз милі) қашықтықта суға тола бастаған.

Оқиға орнынан түсірілген видеоға құтқару кеудешелерін киген адамдардың аударылған кеменің айналасындағы суда қалқып жүргені көрінеді. Түркияның Никосиядағы елшісі Әли Мұрат Башчери TRT-ге берген сұхбатында құрбандар бар екенін, бірақ нақты санын айтпағанын хабарлады. Башчери 259 жолаушы мен сегіз экипаж мүшесінің көбі құтқарылғанын, кейбірінің ауруханаға жеткізілгенін айтты. Толығырақ ақпарат кейінірек...