Армения премьер-министрі Никол Пашинян елдің жаңа Конституция жобасын ұсынды. Онда Тәуелсіздік декларациясына сілтеме жоқ, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Пашинян Facebook парақшасында жазған, оның аудармасын РБК келтіреді. Премьер-министрдің айтуынша, жаңа Конституция жобасы осы мақсатқа арнайы құрылған сайтта жарияланған. «Арменияның жаңа Конституция жобасын осы мақсатқа арнайы жасалған сайтта ұсынғаныма қуаныштымын. Сайт әр азаматқа Конституция жобасын оқып, ұсыныс беруге барынша қолайлы болуы үшін құрылды», — деп жазды Пашинян.
Minval хабарлағандай, преамбулада Арменияның Тәуелсіздік декларациясына сілтеме жоқ. «Біз, Армения Республикасының халқы, мемлекеттілігіміздің сабақтастығы мен дамуы үшін, халықаралық тұрғыдан танылған аумағымызда гүлденген мемлекет құру миссиясын және оны ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру миссиясын басшылыққа ала отырып, Армения Республикасының Конституциясын қабылдаймыз», — делінген жаңа Конституция жобасының преамбуласында.
РБК атап өткендей, Арменияның Тәуелсіздік декларациясын 1990 жылы 23 тамызда республиканың Жоғарғы кеңесі қабылдаған. Осы декларацияның басында 1989 жылы Армян КСР мен Таулы Қарабақтың «Қайта бірігу туралы» бірлескен қаулысына сілтеме бар.
Декларацияны Армения Конституциясынан алып тастау Азербайжанның бейбіт келісімге қол қою үшін қойған басты талаптарының бірі еді.
Еске салайық, 2025 жылы тамызда Армения мен Азербайжан көшбасшылары Вашингтонда АҚШ президенті Дональд Трамптың қатысуымен екі ел арасындағы бейбіт қатынастар туралы декларацияға қол қойған. Бұл Армения мен Азербайжан арасындағы шамамен қырық жылға созылған қантөгіс қақтығыстан кейін болды.
Одан бір жыл бұрын, 2024 жылы Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияны барынша «бәсекеге қабілетті» ету үшін ел Конституциясын өзгерту қажеттігін мәлімдеген. 2026 жылы қарашада Пашинян Армения ЕО-ға кіруге өтініш беруге дайындалып жатқандықтан, ЕАЭО мен ҰҚШҰ-дан шығатынын жариялады.


