Қазақстандықтарды Армения премьер-министрі Никол Пашинянға телінген жалған дәйексөздің таралуы туралы ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
СЦК жанындағы дезинформациямен күрес орталығының мәліметінше, әлеуметтік желілерде Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты айтқан делінген жалған ақпарат таралуда.
Жүргізілген тексеру дәйексөздің қолдан жасалғанын көрсетті. Никол Пашинян мұндай сөздер айтпаған. Манипуляцияға негіз болған — Армения үкімет басшысының 3 қыркүйектегі брифингте журналистің сұрағына берген жауабы. Ереван шешімдеріне сыртқы ықпал туралы болжамды түсіндіре отырып, Никол Пашинян: "Алдарыңызда Армения КСР Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы тұрғандай әсер қалыптасып отыр", — деген еді. Осылайша, сөз тек Арменияның мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы тәуелсіздігі туралы болды. Бұл контексте Қазақстан аталмаған.
Жалған ақпарат авторлары жекелеген сөздерді өзгертіп, жауапты түпнұсқада жоқ тіркестермен толықтырғаны атап өтіледі. Нәтижесінде мәлімдеме басқа мағынаға ие болып, Қазақстанға қарсы шабуыл ретінде ұсынылған. Түпнұсқа жауаптың мазмұны брифингтің жарияланған бейнежазбасымен расталады. Толық жауап VERELQ басылымында келтірілген.
Мұндай манипуляциялар Қазақстан мен Армения халықтары арасында жағымсыз көңіл-күй қалыптастыруға және жасанды шиеленіс тудыруға бағытталған, деп қосты дезинформациямен күрес орталығында.
Қазақстандықтарды тексерілмеген дәйексөздер мен жарияланымдарды таратпауға, алғашқы дереккөзге, күні мен мәлімдеме контекстіне назар аударуға шақырды. Азаматтарға жалған ақпарат таратқаны үшін 250 АЕК-ке (1 081 250 теңге) дейін айыппұл немесе әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіптің бұзылу қаупін тудыратын немесе заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерге елеулі зиян келтіретін көрінеу жалған ақпаратты тарату 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін.


