Ресейлік адвокат Владимир Жеребенков Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың кінәсі дәлелденсе, оны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Адвокат Владимир Жеребенков ТАСС-қа берген сұхбатында террористік әрекетке жәрдемдесу бабы бойынша ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру екенін атап өтті. Сондай-ақ, тергеу барысында Дуровқа Ресей Қылмыстық кодексінің басқа баптары бойынша да айып тағылуы мүмкін.
Заңгердің айтуынша, Дуровты Ресей аумағында сырттай қамауға алуы мүмкін. Мұндай рәсім экстрадиция үшін қажет: ресейлік сот күдіктіні сырттай қамауға алады, содан кейін құқық қорғау органдары, оның ішінде Интерпол арқылы оны беруді талап етеді.
Еске сала кетейік, бүгін, 2026 жылғы 29 шілдеде, Telegram негізін қалаушыға терроризмге жәрдемдесу бабы бойынша айып тағылғаны белгілі болды. Сәуір айында Дуров шамамен 20 жыл бұрын тұрған Ресейден шақырту қағазын алғанын хабарлаған еді. 24 ақпанда ресейлік БАҚ-та Дуровқа қатысты террористік әрекетке жәрдемдесу күдігімен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат пайда болды.
Кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков құқық қорғау органдары қажет деп санайтын шараларды қолданып жатқанын және Telegram әкімшілігі ел билігімен ынтымақтаспайтынын мәлімдеді. Дуровтың өзі істің қозғалуына түсініктеме беріп, билік күн сайын ресейліктердің Telegram-ға кіруін шектеу үшін жаңа сылтаулар ойлап тауып, жеке өмірге қолсұқпаушылық және сөз бостандығы құқығын басуға тырысып жатқанын айтты.


