Павлодарда сот алимент мөлшерін әкесінің нақты табысына қарап ұлғайтты. Ер адам ресми түрде 85 мың теңге жалақы белгілегенімен, бір жылда 16 миллион теңге тапқаны анықталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Павлодар облысы соттарының ресми Telegram-арнасында хабарланғандай, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот әйелдің ер адамға медиация тәртібіндегі дауды реттеу туралы келісімді бұзу және алиментті белгіленген ақшалай сомада өндіру туралы талап арызы бойынша азаматтық істі қарады.

Тараптардың кәмелетке толмаған қызы бар. Бұған дейін жауапкерден баланы асырауға алимент табысының 1/4 бөлігі және (немесе) өзге де кірісі мөлшерінде өндіріліп келген. 2023 жылдың желтоқсанында тараптар арасында дәл осындай мөлшерде алимент төлеу туралы медиативтік келісім де жасалған.

Сотқа жүгінген талапкер төленіп жатқан алимент сомасы баланы асырауға жұмсалатын шығындарды өтемейтінін көрсеткен. Сонымен қатар, жауапкер кәсіпкерлік қызметпен айналысады, алайда ресми түрде өзіне 85 мың теңге жалақы белгілеген.

Сот отырысы барысында жауапкердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені анықталды. Салық есептілігіне сәйкес, оның 2025 жылғы кәсіпкерлік қызметінен түскен табысы 16 миллион теңгеден асқан. Сонымен қатар, банктік шоттар бойынша ақша қозғалысы ресми жалақы мөлшерінен айтарлықтай асып түскен.

Сот төленіп жатқан алимент мөлшері жауапкердің алған табысына сәйкес келмейді, осыған байланысты баланың ата-анасынан лайықты асырау алу құқығы бұзылады деген қорытындыға келді. Сондай-ақ, жауапкердің көрсетілетін қызмет көлеміне байланысты өзгермелі табысы бар екені анықталды.

Алимент мөлшерін анықтау кезінде сот ең алдымен бала мүддесінің барынша қамтамасыз етілуін басшылыққа алды. Алиментті тек ресми жалақыға үлестік қатынаста белгілеу баланы асырау деңгейін айтарлықтай нашарлатуы мүмкін еді.

Нәтижесінде сот медиация тәртібіндегі дауды реттеу туралы келісімді бұзып, жауапкерден кәмелетке толмаған баланы асырауға алиментті белгіленген ақшалай сомада — ай сайын 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) бала кәмелетке толғанға дейін өндірді. Талаптың қалған бөлігі қанағаттандырылмады. Шешім заңды күшіне енді.