Павлодарда құқық қорғау органдарының қызметкерлері дене жарақатын салу қаупімен ақша бопсалаған алты күдіктіні ұстады. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 3 млн теңгеден асты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел қызметкерлері бірнеше бопсалау оқиғасына қатысы бар деген күдіктілер тобының әрекетін тоқтатты.

Сотқа дейінгі тергеу аясында үш жәбірленуші анықталды. Алдын ала деректер бойынша, оларға келтірілген материалдық шығынның жалпы мөлшері 3 млн теңгеден асады.

«Күдіктілер бір ай бойы Павлодар тұрғындарынан ақша талап етіп, талаптарын дене жарақатын салу қаупімен ұштастырып отырғаны анықталды», — деді Павлодар облысы полиция департаментінде.

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде жедел қызметкерлер алты күдіктінің жеке басын анықтап, ұстады. Олардың бесеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі таңда қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Сондай-ақ ұсталғандардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде», — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғабит Қабдрахманов.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары жедел бейнежазбаны көрсетті. «Полиция, жат!» — деп бұйырады арнайы жасақ сарбаздары ұстау кезінде.