Павлодарда 40 жастан асқан 180-нен астам тұрғын тегін электрокардиограмма жасатып, кардиологтың кеңесін алды. Дүниежүзілік жүрек күніне орай Павлодар облыстық кардиоорталығында өткен ашық есік күні денсаулығын тексергісі келгендердің саны бұрын-соңды болмағанша көп жиналды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс-шара 29 қыркүйекте өтті. Hronika.kz басылымының жазуынша, әдетте кардиоорталықтағы ашық есік күніне жүзден аспайтын адам келетін, оларды бес дәрігер төрт сағатта қарап шығатын. Биыл барлығын үлгеріп тексеру үшін қосымша маман тартуға және қосымша кабинеттерді босатуға тура келді.
Скрининг нәтижелері алаңдатарлық болды. Тексерілгендердің төрттен үшінен астамында артериялық қысым жоғары болып шықты — бұл тұрақты бақылауды қажет ететін қауіп белгісі.
Тексерілгендердің 12%-ында жүрек ырғағының бұзылысы анықталды. Жүректің ишемиялық ауруы қатысушылардың 10%-ында диагноз ретінде қойылды, тағы 10%-ында созылмалы жүрек жеткіліксіздігі табылды.
Тексеру қорытындысы бойынша кардиологтар науқастарға жеке ұсынымдар берді. Кейбіреулерінің дәрі мөлшері түзетілді, басқалары қосымша зерттеулерге жіберілді.
Қатысушылардың бірі — 45 жастағы әйелден дәрігерлер жүрек ақауынан күдіктенді. Оған кардиоорталықта эхокардиография жасатып, кардиохирургпен кеңесу ұсынылды.
Дәрігерлер артериялық қысымды тұрақты бақылап, профилактикалық тексеруден өтіп тұру қажеттігін еске салды. Әсіресе кеудедегі жайсыздық, жүректің алып-ұшып немесе жиі соғуы, естен тану және естен тануға жақын күйлер, сондай-ақ тыныс тарылуы мен бас айналуы сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу керек.
Күнделікті қандай әдеттер жүрек денсаулығын бұзады, оны кардиолог Қарлығаш Хахазовамен бірге Kursiv Health мақаласынан оқыңыз.


