Павлодар облыстық сотында жергілікті кәсіпкерді өлтіру ісі бойынша үкім жарияланды. Қаза тапқан азаматтың денесіне 22 жерден пышақ жарақаты салынған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ирбис ТВ» облыстық телеарнасының мәліметінше, былтыр ақпанда Павлодарда жұмысқа бара жатқан 52 жастағы кәсіпкер Асулан Нұрмағамбетов хабарсыз кеткен. Үш тәуліктен кейін оның мәйіті табылды. Тергеу анықтағандай, ер адамға гаражда аңшы пышағымен 22 рет жарақат салынған.

Күдікті ретінде марқұммен іскерлік қарым-қатынаста болған кәсіпкер ұсталды. Ол Ресейге қашып кеткен, алайда кейін ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Бастапқыда қылмыстың себебі ретінде қаза тапқан адамның қарызы қарастырылған.

Бүгін сот үкім шығарды.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаймын, жазаны орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге белгілеймін», — деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айнұр Юсупова үкімді жариялап.

Сот ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын және жеңілдететін мән-жайлардың бар екенін ескерді. Алайда қаза тапқан адамның туыстары бұл үкіммен келіспейді.

«Ол менің ағамды аямады, мен оны аямаймын. Соңына дейін барамын. Мүмкіндігімше күресемін. Бұл мерзім маған ұнамайды — 15 жыл, оның ішінде шамамен 2 жылы өтіп кетті. Бір жыл тергеу изоляторында отырды, бір күн бір жарым күн болып есептеледі. Демек, ол шамамен 2 жыл отырды. Бұл 13 жыл. Бұл маған ұнамайды», — деді қаза тапқан адамның әпкесі Гүлжихан Рыспаева.

Сот үкімі бойынша айыпталушы қаза тапқан адамның туыстарына моральдық зиянның орнын толтыруы тиіс. Жұбайына — 8 млн теңге, әпкелері мен ағасына — бір миллионнан. Сонымен қатар сотталған адам оларға адвокаттар мен жерлеу шығындарын өтеуге міндетті. Үкім заңды күшіне енген жоқ және шағымдануға болады.

Еске салайық, 2025 жылдың ақпанында Павлодарда хабарсыз кеткен қала тұрғынының мәйіті табылған. Полиция «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғады. Күдіктіні іздеу басталды. Наурызда Павлодарда кәсіпкер Асулан Нұрмағамбетовті өлтіру туралы істің тергеуі аяқталғаны хабарланды. Күдікті Ресейде ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.