Павлодар облысындағы Әдеп кеңесінің отырысында Успен ауданы әкімінің бұрынғы орынбасарына, жер қатынастары бөлімінің басшысына және Лозов ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Оған жер учаскелерін беру конкурсында баллдарды заңсыз есептеу себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
irbistv.kz мәліметінше, тергеуге тартылғандардың бірі — бұрын Успен ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарған, қазір Павлодар ауданында сол қызметте жүрген Талғат Бещенбаев. Онымен бірге Әдеп кеңесінде жер қатынастары бөлімінің басшысы мен Лозов ауылдық округінің әкімі жауап берді.
Тексеруге фермерлік шаруашылық жетекшісінің талап арызы негіз болған. Ол сотқа жүгініп, жер беру лоты бойынша бәсекелестеріне 10 баллдан заңсыз қосылғанын, соның салдарынан конкурста жеңілгенін дәлелдеді. Жер комиссиясының шешімі күші жойылып, прокурорлар тәртіптік іс қозғады.
«Бұл конкурста лот бойынша 8 қатысушы болды: үшеуі — заңды тұлғалар, бесеуі — жеке тұлғалар. Жеке тұлғалардың барлығына аудан тұрғындары болғандықтан 10 баллдан бірдей қосылды, алайда сот шешімінде ауылдық округ деп көрсетілген. Ережелер мен Жер кодексінде, тек біздің облыста емес, бүкіл республика бойынша барлық конкурстарда аудан тұрғындарына 10 балл қосу қарастырылған», — деп түсіндірді Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Талғат Бещенбаев.
Әдеп кеңесінің отырысында маман тыңдалып, ол жер телімін бөлу кезінде басымдық 5 жыл бойы учаскеге тікелей жақын тұратын адамға берілетінін түсіндірді. Сондықтан сот шешімі негізді деп танылып, шенеуніктердің жалпы Успен ауданының тұрғындарына қосымша балл қосуға құқығы болмаған.
Барлық шенеуніктер тәртіптік істі тергеу барысында кінәсін мойындады. Оларға толық емес қызметтік сәйкестік түріндегі жаза тағайындау ұсынылды.


