Павлодар облысында полиция жергілікті ЖШС-тің алты қызметкері қаза тапқан оқиғаға байланысты үш күдіктіні ұстады, деп хабарлайды infohub.kz.

Еске салайық, 20 шілдеде Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Жоламан ауылында кәріз құдығындағы электр сорғысындағы ақауларды жою кезінде алты адам қаза тапты. Тағы бір адам ауруханаға жатқызылды.

Облыстық полиция департаменті сол кезде қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған, бірақ мәліметтер жарияланбады.

11 тамызда Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі бұл факті бойынша тергеу басқармасы сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Қылмыстық іс аясында барлық мән-жайды анықтауға бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізілуде. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялануға жатпайды, — деп хабарлады ПД.