Павлодарда мал ұрлығының жолын кесуге, етті заңсыз сатуға және санитарлық ережелердің бұзылуын анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің ресми сайты мәлім еткендей, полиция қызметкерлері ветеринарлық инспекторлармен бірлесіп сауда нүктелерін, сондай-ақ мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың ықтимал бағыттарын тексерді. Рейдтік топтардың қатысушылары облыс жолдарымен мал мен ет шикізатын тасымалдаудың заңдылығына ерекше назар аударды.

«Қала сыртындағы трассалар мен кіреберістерде 10 мобильді бекет қойылды. Автокөлік құралдары тексеріліп, тасымалданатын жүктер ветеринарлық ілеспе құжаттармен салыстырылды, малдардың құлақ биркалары мен ұшалардағы таңбалардың бар-жоғы тексерілді. Қатар жүргізілген рейдтер жаппай сауда орындарында, оның ішінде базарларда өтті, онда сатылатын еттің шығу тегінің заңдылығы зерделенді. Нәтижесінде ветеринария саласында екі бұзушылық анықталып, материалдар құзыретіне қарай тиісті органға жолданды», — деді Павлодар қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бастығы Асхат Мұқышев.

Сонымен қатар учаскелік инспекторлар шаруа қожалықтарының иелерімен, малшылармен және жеке аула иелерімен профилактикалық әңгімелер жүргізді. Оларға мал басын таңбалау мен биркалаудың, қораларды нығайтудың және ұрлыққа жағдай туғызатын малды еркін жаюға жол бермеудің маңыздылығы еске салынды.