Павлодарда 2025 жылдың жазында досын қорғап, Нұрмағамбетов көшесіндегі үй ауласында пышақ жарақатынан қаза тапқан 30 жастағы Ерғанат Бисембаевтың өліміне қатысты іс бойынша үкім шықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іс материалдарына сәйкес, Ерғанат Бисембаев 2025 жылдың шілдесінде досының үйінде қонақта болған. Түнгі сағат оннан кейін ол кетпек болып, көшеде такси күтіп тұрған. Сол сәтте бірнеше адамның досына тап бергенін көріп, араласып кеткен. Төбелесте ол пышақ жарақатын алып, көз жұмды.
Қылмыстық іс әуелде «Адам өлтіру» бабы бойынша қозғалған. Алайда алқабилер соты қажетті қорғаныс шегінен асып кету фактісі бойынша үкім шығарып, айыпталушыға бір жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленуші тарап пен прокурор бұл шешіммен келіспей, апелляциялық сатыда үкімнің күшін жойдыртты.
Кейін іс қайтадан сотқа түсті, бұл жолы — «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша. Оған қоса, сотталушының қамауда отырған кезде жасаған бопсалау фактісі де қосылды. Баптар жиынтығы бойынша оған 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
«Иә, өмір жалғасып жатыр, жұмыс істеп жүрмін, балаларды тәрбиелеп отырмын. Қасымда анам мен апаларым бар, олар балаларды тәрбиелеуге көмектеседі. Әрине, осындай үкім шыққаны әбден әділ, бірақ дерт кетпеді, ешқашан да кетпейді. Ол отырып шығады, ал менің күйеуімді ешкім қайтара алмайды», — деп бөлісті жесірі Айзада Бисембаева.
Ерғанат Бисембаевтың артында қалған екі баласы қазір 3 және 6 жаста. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, оған шағым жасалуы мүмкін.


