Павлодарда полицейлер кезекті бір оғаш видеоның авторын тапты. Жаяу жүргіншілер өткелінде іш киім, белдемше, туфли, орамал және күртеше киіп түсірілген бейне... деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бейнежазба әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде қызметкерлердің назарына іліккен. Видеода қыз жазғы киім үлгілерін жолдың жүргін бөлігіне жайып, танымал трендті түсіруге тырысқан.
Полицейлер жазбаның 16 шілде күні Павлодар әуежайы маңында түсірілгенін және кейін Instagram парақшасында жарияланғанын анықтады.
«Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Қыз жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жүріс ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды», — деп мәлімдеді Павлодар облысы Полиция департаментінде.
Полиция мұндай лайк пен көрілім үшін түсірілген бейнежазбалар авторлардың өзіне де, басқа жол қозғалысына қатысушыларға да нақты қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.
Бұған дейін «Курсив» Семейдегі көпірде фотосессия түсірген әйелге айыппұл салынғанын жазған еді. Ал Атырауда полицейлер көлік қозғалысы кезінде терезеден шығып, жолдасына сусын құйып берген 37 жастағы жолаушыны жауапкершілікке тартты.


