Павлодарда бір мектептің оқушысы туберкулез күдігімен жедел түрде ауруханаға жатқызылды, алайда оқу орны карантинге жабылған жоқ. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлап, infohub.kz сайтына сілтеме жасады.

Телеарнаның мәліметінше, ауру жоспарлы флюорография кезінде анықталған. Оқу орнында анықталған жағдай туралы жедел хабарлама қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына 7 қазанда келіп түскен.

Ауруханаға жатқызылған жоғары сынып оқушысының отбасында төрт бала тәрбиеленетіні, олар мен анасы тексеруден өткені атап өтілді. Оларда диагноз расталмады, алайда дезинфекция жүргізілді.

«Біз үй ошағында және қыздың оқу орнында эпидемиологиялық тергеу бастадық. Қазіргі уақытта тексеру жүргізу үшін байланыста болған адамдарды белсенді түрде анықтап жатырмыз. Дезинфекциялық қызмет үй ошағында және оқу орнында қорытынды дезинфекция жүргізді», — деді Павлодар қалалық санэпидбақылау басқармасы басшысының орынбасары Гуля Альменова.

Сонымен қатар гимназияда оқу процесі тоқтаған жоқ. Сабақтар күнделікті кесте бойынша өткізілді, ал ата-аналарға, телеарна атап өткендей, сыныпты немесе гимназияны карантинге жабуға негіз жоқ екені хабарланды. Оқушыларға жоспарлы Манту сынамасы жасалуда. Басқа ауру жағдайлары әзірге анықталмағаны ерекше атап өтілді.

«Ол оқыған сыныптың барлық оқушысы, сол сыныпта сабақ берген мұғалімдер толығымен тексеруден өтті, кімнің мерзімі бойынша томографиялық тексеру жасауға тиіс болса, сонымен қатар Манту сынамасын да тапсырды», — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова.

Кәмелетке толмаған қыздың денсаулық жағдайы туралы мәліметтер жария етуге жатпайды, деп қосты ведомство.

«Қыз фтизиопульмонология орталығына түсіп, туберкулезге қарсы ем қабылдап жатыр. Жағдайы қанағаттанарлық. Емді жақсы көтеріп жүр», — деді Павлодар облысының штаттан тыс фтизиопедиатры Ольга Лукашенко.