АҚШ-тың Пенсильвания штатында соңғы онжылдықтағы ең ауқымды қызылша індеті тіркелді: жұқтырғандардың жалпы саны 903 адамға жетті, төртеуі көз жұмды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Reuters агенттігі Пенсильвания денсаулық сақтау департаментіне сілтеме жасап хабарлағандай, 176 науқас ауруханаға жатқызылды. Ең ауыр ахуал Ланкастер округінде сақталып отыр — аурудың ең көп жағдайы дәл сонда анықталған.

Айдың басында штатта қызылшамен ауырған екпе салдырмаған төрт науқас қаза тапты. Бұл жағдайлар Пенсильвания губернаторы Джош Шапиро мен АҚШ денсаулық сақтау министрі Роберт Кеннеди-кішінің арасында көпшілік алдындағы пікірталас тудырды: лауазымды тұлғалар вирустың осы адамдардың барлығының өліміне тікелей себеп болғаны-болмағанын әрқалай бағалады.

Келіспеушілік аясында АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) қызылшадан болатын өлімді есепке алу өлшемдерін қайта қарайтынын мәлімдеді. Ведомствоның ресми статистикасында әзірге бір ғана расталған өлім жағдайы бар, оның өзінде нақты штат көрсетілмеген. CDC дерегінше, 24 қыркүйектегі жағдай бойынша АҚШ-та ағымдағы жылы қызылшаның 3659 жағдайы тіркелген.

Қызылша — қатты қызба, тәнге тән бөртпе және тыныс алу органдарының ауыр асқынуларымен жүретін аса жұқпалы вирустық инфекция. Сонымен қатар ауру балаларға жоспарлы екпе — қызылша, қызамық және паротитке қарсы вакцина арқылы тиімді алдын алынады. Препаратты екі рет енгізу вирустан 97%-ға қорғайды.

Бұған дейін «Курсив» Бангладеште қызылшаның ең ауқымды індеті жалғасып жатқанын жазған: ағымдағы жылдың наурызынан бері елде ауруға байланысты 999-ға жуық өлім тіркелген.