Қазақстанда міндетті зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік 2027 жылдан бастап күшін жоймайды. Өзгерістер тек бір өтемақы төлемінің тетігіне қатысты болады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталып, Әлеуметтік кодексте бекітілгенін атап өтті. Мәселе – жинақтаушы зейнетақы жүйесінің алғашқы кезеңінде енгізілген өтемақы тәртібін қайта қарау. Ол кезде зейнетақы активтерін тек мемлекет басқарды, сондықтан инвестициялық кірістілік пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу тетігі қарастырылған еді.
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, өзгерістер зейнетақы жүйесінің дамуымен және азаматтардың жинақтарын өз бетінше басқару мүмкіндіктерінің кеңеюімен байланысты. Қазіргі уақытта салымшылар зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін жеке басқарушы компанияларға сенімгерлік басқаруға бере алады. Бұрын бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайтын. Ведомствоның атап өтуінше, басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және тәуекел деңгейін өз бетінше таңдау мүмкіндігі салымшылардың инвестициялық шешімдерді өздері қабылдайтынын білдіреді. Осыған байланысты өтемақы төлемдерінің тетігі зейнетақы активтерін басқарудың жаңа моделіне сәйкестендірілуде.
Бұл ретте мемлекет зейнетақы жинақтарын қорғаудың қолданыстағы тетіктерін сақтайды. Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқаруды жалғастырады, олардың сақталуына және ұзақ мерзімді перспективада инфляциядан жоғары кірістілікке қол жеткізуге бағытталады. Жеке басқарушы компаниялар үшін заңнамада қаржылық тұрақтылыққа, меншікті капитал мөлшеріне және кәсіби біліктілікке қойылатын талаптар қарастырылған. Сонымен қатар, егер басқарушы белгіленген ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз етпесе, ол айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
Министрлік өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесін жетілдіруге, басқарушы компаниялардың жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталғанын, міндетті зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдікке әсер етпейтінін атап өтті.


