Өткен түні Қазақстан тұрғындары әсерлі астрономиялық құбылыс — Персей метеор ағынының белсенділігі шыңына куә болды. Көптеген қазақстандықтар 12-нен 13-іне қараған түні түсірілген фотосуреттерді әлеуметтік желілерде бөлісуге асықты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еске салайық, астрономдар Персей ағынының белсенділік шыңын дәл осы кезеңге болжаған болатын. Мамандар биылғы жылы жұлдыз жаңбырын бақылауға ерекше қолайлы жағдай қалыптасқанын атап өтті. Қазақстандықтарға құбылысты түн ортасынан кейін, таң атқанша, қала құрылысынан алыс жерде бақылау ұсынылды, себебі жасанды жарық кедергі келтірмеуі керек. Сонымен қатар, Персей шыңы жаңа айдан кейін бірден келді, сондықтан ай жарығы кедергі жасамауы тиіс еді.

13 тамызға қараған түні әлеуметтік желі қолданушылары сирек кездесетін құбылысты бақылау үшін табиғатқа шығу әсерлерімен белсенді түрде бөлісе бастады. Көпшілік мұндай сәтті ең жақын адамдарымен бөліскісі келетінін жазды.

Әсіресе, қала сыртына арнайы шыққан Астана тұрғындары түсірген суреттер сәтті болды. Кейбіреулер жұлдыз жаңбырын бейнеге түсіре алды. Кейбір қолданушылар метеорлардың қуатты ағынын «Трансформерлер» әлеміндегі автоботтармен әзілдеп салыстырды.

Алматы тауларындағы Ассы үстіртінен құбылысты бақылағандар да әсерлі фотосуреттермен бөлісті. Сондай-ақ, Ақмола облысындағы Қабанбай батыр ауылының тұрғындары жұлдыз жаңбырының суреттерін жариялады.