Перуда туристік ұшақ апатынан бортындағы 13 адамның барлығы қаза тапты. Бұл туралы жергілікті БАҚ пен Перу билігі хабарлады. Ұшақ Наска сызықтары археологиялық аймағының үстінде ұшып келе жатып апатқа ұшыраған. Бортта 11 жолаушы мен екі ұшқыш болған. Апаттың себебі мен жолаушылардың жеке басы әзірге белгісіз, деп хабарлайды infohub.kz.
Перудің оңтүстігіндегі Наска сызықтары — танымал туристік орын және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны. Бұл жерде шөл құмында ежелгі суреттер салынған. Апат жергілікті уақыт бойынша сағат 13:00 шамасында (19:00 GMT) Pueblo Viejo аймағында болған. Ұшақ Писко қаласындағы әуежайдан ұшып шыққан.
Полиция майоры Хорхе Андраде AFP агенттігіне: «Апаттың ауырлығына байланысты тірі қалғандар жоқ. Әзірге төрт мәйітті таптық», — деді.
Бұл атақты нысан үстіндегі алғашқы ұшақ апаты емес. 2022 жылы Наска сызықтарының үстінен ұшқан тағы бір шағын туристік ұшақ апатқа ұшырап, жеті адам қаза тапқан еді. 2010 жылы да туристік ұшақ апатынан алты адам көз жұмған.


