Қазақстанда босандыру көмегін көрсететін ұйымдарға ауқымды тексеру жүргізіліп, оның барысында 29 мекемеде бұзушылықтар анықталды. infohub.kz сайтының хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрлігі осындай 84 мекеменің 82-сін, оның ішінде 35 перинаталдық орталық пен 47 босандыру бөлімшесін тексерген.

Мамандар инфекциялық қауіпсіздік талаптарының сақталуын бағалап, зарарсыздандыру және дезинфекция жүйелерін, желдету мен сумен жабдықтауды, сондай-ақ инфекцияларды анықтау тәртібі мен инфекциялық бақылау қызметтерінің жұмысын тексерді. Зертханалық зерттеулер де жүргізіліп, бұл құжаттаманы ғана емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларын да бағалауға мүмкіндік берді.

Тексеру қорытындысы бойынша 81 санитарлық нұсқама берілді. Дезинфекциялық-зарарсыздандыру режимінің бұзылуы 29 медициналық ұйымда тіркелді. Тәуекелдерді дереу жоюды талап ететін фактілер бойынша нақты шаралар қабылданғаны айтылған.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларына нұсқамалардың орындалуын ай сайын бақылауды қамтамасыз етуді және босандыру мекемелерінің санитарлық-техникалық жағдайын белгіленген талаптарға сәйкестендіруді тапсырды. Сондай-ақ инфекциялық бақылау қызметтерінің кадрлық қамтамасыз етілуін күшейту, инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын жаңарту және медициналық ұйымдар басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру тапсырылды.

«Біздің міндетіміз – бұзушылықты анықтап, нұсқама беру ғана емес. Бір айдан кейін қайта оралып, нақты нәтижені көруіміз керек. Егер ескерту жасалса, ол жойылуы тиіс. Пациенттің қауіпсіздігі есептермен емес, медициналық көмек көрсетудің нақты жағдайларымен расталуы керек», – деп атап өтті Тимур Сұлтанғазиев.

Келесі кезеңде балалар ауруханалары тексеріледі, одан кейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында да осындай жұмыс жүргізіледі.