Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Армения премьер-министрі Никол Пашинянның Мәскеуге алдағы сапарына және оның Владимир Путинмен келіссөздеріне қатысты пікір білдірді. Кремль өкілінің айтуынша, қиындықтарға қарамастан, екіжақты қатынастар әлі де кең ауқымды болып отыр. Алайда күн тәртібіндегі басты мәселе — армян тарапы қандай таңдау жасайтыны, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Ең бастысы, күн тәртібінде армян тарапының таңдауы тұр. Ол жасала ма, қашан жасалады, қалай жасалады? Экономикалық тұрғыдан екі орындыққа қатар отыруға деген ұмтылыс не расталуы, не жоққа шығарылуы керек. Өйткені Еуропалық одаққа бағдар ұстау мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық процесті жалғастыруға деген ұмтылыс бір-бірімен үйлеспейді. Біз бұл туралы бірнеше рет айттық, әрине, армян тарапы таңдау жасауы қажет», — деді Песков.

Ол сондай-ақ Путин мен Пашинян қауіпсіздік мәселелерін және Армениядағы ресейлік базаны талқылайтынын қосты. «Бұл база өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды элементі. Мұнда армян тарапының пікірін тыңдау қызықты болады», — деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы.

Еске салайық, бір күн бұрын Армения премьер-министрі Никол Пашинян ел шекарасын күзетіп жүрген ресейлік шекарашылардың Армениядан кететінін мәлімдеген еді. Сонымен қатар қараша айының басында Пашинян Армения Еуропалық одаққа кіруге өтініш беруге дайындалып жатқандықтан, елдің ЕАЭО мен ҰҚКҰ-дан шығатынын айтқан болатын.