Петропавлда BMW көлігін тізгіндеген жүргізуші әуежай аумағында дрифт жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда ол кінәсін мойындамады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты жүргізушіге қатысты әкімшілік істі қарады.
2026 жылғы 27 қыркүйекте шамамен сағат 18:00-де ол «Қызыл-Жар» әуежайының аумағында BMW көлігін басқарып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, қоғамдық тәртіп пен адамдардың тыныштығын бұза отырып, басқарылатын сырғу (дрифт) тәсілімен бұрылыстарды айналған.
Жүргізуші кінәсін мойындамай, әуесқой автоспорттан кәсіби деңгейге өту үшін басқарылатын сырғу тәсілімен бұрылыстарды айналу дағдысын жетілдіру мақсатында әуежай аумағын пайдаланғанын түсіндірді. Дрифт түсірілген бейне эстетикалық тұрғыдан әдемі көрінеді деп ойлап, оны Instagram-ға жариялаған.
Істі қарау барысында сот ер адамның әрекеттеріне жасалған құқық бұзушылықтың сипатын, оның жасалу мән-жайларын және қолданыстағы заңнама талаптарын ескере отырып, құқықтық баға берді.
Істі қарау қорытындысы бойынша сот жүргізушіні ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және оған 15 тәулікке қамау түріндегі жаза тағайындады.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.


