Петропавлдағы ломбардтан ірі көлемдегі алтын бұйымдар ұрланды — ұйым басшылығы қылмысты ашудға көмектескендерге сыйақы төлейтінін жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұрлық туралы хабарлама ломбардтың Instagram парақшасында жарияланды. Жарияланымдағы деректерге сүйенсек, 2026 жылғы 15-16 тамызға қараған түні Петропавл қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бір бөлімшесіне белгісіз адам құлыпты бұзып кіріп, ірі көлемдегі алтын бұйымдарды ұрлап кеткен.
«Егер біреу осы мүлікті ұрлау фактісі туралы нақты білетін болса, қылмысты ашуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Ақпараттың құпиялылығына кепілдік береміз және лайықты сыйақы төлейміз», — делінген хабарламада.
NUR.KZ тілшісіне Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінде хабарлағандай, Петропавлдағы ломбардтан жасалған ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
«Оқиға орны қаралып, заттай дәлелдемелер алынды, бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелуде, ұйым қызметкерлері мен куәгерлер жауапқа тартылды. Ұрлыққа қатысы бар адамды және ұрланған мүліктің орналасқан жерін анықтау үшін қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», — деп нақтылады полицияда.
Ведомство өкілдері Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етуге жатпайтынын атап өтті.


