Петропавлдағы макарон фабрикасында қамыр илегіш машинаны тазалау кезінде 35 жастағы жұмысшы қаза тапты — ер адамды құрылғының ішіне тартып кеткен, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жергілікті МТРК телеарнасының мәліметінше, қайғылы оқиға түнгі сағат 3:00 шамасында болған. Қамыр араластырғыш аппаратты тазалау үшін өндіріс желісі тоқтатылған. Сол сәтте құрылғының қалақтары іске қосылып, зардап шеккен адамды ішіне тартып әкеткен. Қызметкер жедел жәрдем келгенге дейін көз жұмды.

Марқұм ата-анасымен бірге тұрғаны, әйелі мен балалары болмағаны белгілі болды. Макарон фабрикасында ер адам шамамен 13 жыл еңбек еткен.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Азат Күшербаевтың айтуынша, жазатайым оқиғаны тергеу барысында қамыр араластырғыш аппараттың неге қуат көзінен ажыратылмағаны және қауіпсіздік техникасын сақтау жөнінде нұсқамалар жүргізілген-жүргізілмегені анықталады.

NUR.KZ тілшісі Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сауал жолдады. Онда полиция адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.

«Болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша іс жүргізу шешімі қабылданады, сонымен қатар жазатайым оқиғаға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою үшін еңбек инспекциясына және кәсіпорын басшылығына ұсыным енгізіледі», — деп қосты баспасөз қызметінде.