Солтүстік Қазақстан облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының арғы жағында, Шаховское ауылының маңында қурай өртенді. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, өрт шамамен 6 гектар аумақты шарпыған. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Бір учаскеде өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтап үлгерді. Тағы екі учаскеде сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Өртті сөндіруге Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД-ның 110 қызметкері мен 31 техника бірлігі жұмылдырылды. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, төрт жауынгерлік учаске ашылды.
Сонымен қатар сөндіруге теміржол кәсіпорнының өрт пойызы тартылды.
ТЖД өкілдері өрттің таралуына қатты жел ықпал етіп отырғанын атап өтті. Негізгі күш өртті тежеуге және жақын маңдағы елді мекендер мен нысандарды қорғауға бағытталған.
HALYQSTAN Telegram-арнасының дерегінше, өрттен шыққан қою түтін Петропавлға жеткен, тұрғындар күйік иісіне және көрінудің нашарлауына шағымданып отыр.
Ахуал Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД-ның бақылауында.
Бұған дейін «Курсив» Алматы облысында Ұзынағаш ауылының маңындағы жұмыс істеп тұрған қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өрттің ауыздықталғанын жазған болатын. Жалын 500 шаршы метр аумаққа таралып, сөндіруге 33 адам мен 22 техника бірлігі жұмылдырылған.


