Петропавлда жедел әрекет ету арнайы жасағының (СОБР) бойцылары қолында ақша шоғыры бар 57 жастағы ер адамды дер кезінде байқап, алаяқтарға 1,1 млн теңге аударуына жол бермеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ішкі істер министрлігінің ақпараттық медиапорталының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы жедел әрекет ету жасағының офицерлері сауда үйлерінде тұрақты түрде қызмет атқарады — таңғы 9:00-ден жабылғанға дейін. Бір қызметкер нысанда қоғамдық тәртіпті қорғаса, екіншісі азаматтық киімде интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған.
Осылайша, Қарасай Ботпаев пен Бауыржан Ахмет сауда үйлерінің бірінде кезекшілік етті. Қарасай банкомат жанында ақша шоғырын ұстап, толқып телефонмен сөйлесіп тұрған ер адамға көңіл бөлді. Полицей қызметтік куәлігін көрсетіп, өзін таныстырды. Алдымен қала тұрғыны оған сенгісі келмеді, сондықтан нысанды киімдегі әріптесін шақыруға тура келді. Содан кейін барып ер адам тәртіп сақшыларына құлақ асты.
Ол Binance-те криптовалюта саудалайтынын айтты, алайда полицейлердің Binance деген не деген сұрағына жауап бере алмады. Жуырда ол интернеттен табыс табу туралы хабарландыруды көріп, Telegram-да көрсетілген нөмірге жазып, криптовалютадан «табыс табу» ұсынысын алғаны анықталды. Хабарландырудың артында тұрған алаяқтар ер адамға салымдардың «табыстылық графиктерін» жіберіп отырған.
Әрине, олардың нақты криптовалюта биржасына ешқандай қатысы болмаған, алайда ер адам қылмыскерлерге өзі үшін айтарлықтай соманы аударуға дайын болды. Полицейлердің қырағылығының арқасында шығын келтірілмеді.


